Итбалық ер адамның арқасы мен қолын тістеп алған

Итбалық тістеген ер адам арқасы мен қолын фотоға түсіріп алған.

Ақтау тұрғыны сол күні жағалаудың таяз жерінде достарымен бірген шомылған. Кенет ту сыртынан итбалық шабуыл жасаған. Оның айтуынша, теңіз жануарының ұзындығы 1 метрдей болған. Одан қашып, құрғақ жерге шыққанда арқасы мен иығы, қолының қанға боялғанын көрді.

Қала тұрғыны:

- Сол қолымды тістеп, арқамды тырнап алды. Достарым жақындағанша қаша жөнелді. Бірден облыстық ауруханаға бардық. Бірақ дәрігерлер қандай көмек көрсетуге боларын білмейміз деді. Одан соң ешқайда қаралған жоқпын.

Эколог Орынбасар Тоғжанов итбалықтардың жағалауға жиі шығуы қалыпты құбылыс екенін айтады. Өйткені, Каспий эндемигі - қосмекенді сүтқоректі. Теңізде ұсақ балық аулап тойынған соң жерге шығып тоқ басады. «Бұған дейін табиғи мекені болған жерлерге қазір шомылушылар көп барады. Сондықтан, теңіз хайуанатының өз ортасын қорғауы деп түсіну қажет» - дейді.

Орынбасар Тоғжанов, эколог:

- Қазіргі кезде Маңғыстауда итбалықтар демалатын жер сонау Бозашы түбегінің солтүстігіндегі Дурнев аралдары. Құланды, Құлалы аралдар архипелагы бар. Сосын мына Баутиннің тасасы бар. Содан соң Кендірліде қалып қоятын еді. Қазіргі мезгілде ол жерге де адам көп барады да итбалықтарды қашырды. Енді баратын жері жоқ. Осыдан соң жағалауға жақын жерлерде тамағын тойдырған итбалықтар жағалауға шығып демалғысы келеді.

2005-2012 жылдары халықаралық зерттеу тобы солтүстік Каспийде әуе санағын жүргізді. Бұл жұмыстар итбалықтар күшіктейтін ақпан айында тұрақты түрде жасалған. Нәтижесінде, кезінде 1 млннан асқан Каспий эндмигінің 100 мыңға дейін азайғаны айтылды. Ал 2015 жылы жүргізілген зерттеулер кейбір аралдарда итбалықтың мүлдем жоқ екенін көрсеткен. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мұндай зерттеулер соңғы 7 жылда мүлдем жүргізілмеген. Қазір итбалықтар саны  нақты қанша екені, олар мекендейтін жердің жай-күйі жайлы ешқандай ақпарат жоқ. Адам толы жағалауға жиі шығуына бәлкім аштық себеп болуы мүмкін деген болжам қисынға келеді, жалпы. Мына Ресейде Каспий теңізін зерттейтін 6 бірдей ғылыми-зерттеу институты бар екен. Ал Қазақстанда біреуі де жоқ. Экологтардың пайымдауынша, итбалықтарды сақтап қалу үшін Каспий проблемаларын ғылыми тұрғыда зерттейтін мемлекеттік орталық құру керек. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев