Ақмола облысы Қостанайға көмек жөнелтті

Ақмола облысы Қостанайға көмек жөнелтті

Көкшетаудан Қостанайға гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы аттанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше жүк көлігіне тиелген азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктердің жалпы салмағы 10 тоннаға жуықтайды. Бұл, көкшетаулықтардың таңертеңнен бері жинаған жәрдемі. Қайырымды іске қалталы азаматтардан бастап қарапайым халыққа дейін атсалысты дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейін, бұған дейін өңірдің Қостанай облысымен шектесетін аудандарынан да осындай көмек жіберілген болатын. Жылу жинау әлі де болса жалғасып жатыр. Волонтерлық ұйымдар мен жекелеген кәсіпкерлер де әлеуметтік желіде көмек қорын ашқандарын хабарлады.

Умар Шоназаров, облыстық Тәжік этно-мәдени орталығының төрағасы:

- Таңертеңгі сағат 10-нан бері партия жанында көмек жинадық. Кәсіпкерлермен қатар тұрғындар да қолында барын осында әкелді. Бұл жерден бөлек облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Іскер әйелдер қауымдастығы мен басқа да қоғамдық ұйымдар жылу жинап жатыр.