Аманқарағайдағы 248 үйдің 98-і жанып кетті

Аманқарағайдағы 248 үйдің 98-і жанып кетті

Аманқарағайға жақындаған тұстағы жол бойында жайқалған жасыл желегі  ну қарағайлы орманы ерекше көз тартатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір соның бәрінен жұрдай. Қабығы жоқ, қара күйе діндер айналаны жабырқау күйге енгізіп тұр. Әйтеуір адам аман болсын дедік. Өкінішке орай бүгін жанған үйден ер адамның мәйіті табылғандығы жария етілді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Қайтыс болған адам 1936 жылы туған. Мүмкіндігі шектеулі азамат екен. Оған учаскелік инспектор үйде қалу қауіпті екендігін ескерткен. Бірақ ол басқа жаққа барудан бас тартқан. Соған қарамастан қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте оның өлімі адам қолынан болуы мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Өйткені сол күндері  ол үйді өрт шалатындай жағдай болған жоқ.

Бұл жолғы алапат өрт әсіресе Аманқарағай кентін жұтатып кетті. Ауылда 248 үй болса, соның 98-і  күлге айналды. Барынан айырылған адамдардың жағдайы шынымен қиын.

Михаил Остапчук, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

- Орман жақтан қалың қара түтін  төніп келгенде, зәреміз ұшты. Бәрін тастай қаштық. Ағаштың  түйіршіктері жарылып, атылғанда бас сауғалаған аң-құс, адам бәрі араласып кетті. Елік, бұғыларың  көшеге шығып кетті.

Тілсіз жауға қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Олар күні-түні дамыл тапқан жоқ. Аз-мәз тыныс алар сәтте далада ұйықтады. Талай адамның өміріне араша болды.

Ерлан Қайыржанов, өрт сөндіруші, құтқарушы:

- Адамдарға қауіпті ғой мұнда. Келген бетте баллон жарылды үйден. Ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазір өрттің беті қайтқанымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Бүгін мамандар әуеден барлау жүргізіп өрттің өршуі мүмкін сегіз ошақты аннықтаған.

Нұрболат Дербісов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:

- Ол  енді мынау Калинин деген поселокка қарай кеткен, екі ошақ ол жақта. Бағаналы деген бар. Бағаналы деген деген поселкеде 5 өрттің ошағы анықталды.

Бірақ бүгінгі брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрии Илин елді мекендерге енді қауіп жоқ деп мәлімдеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров