Орман өртінен зардап шеккен тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне өкпелі

Орман өртінен зардап шеккен тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне өкпелі

Тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне бізбен ақылдаспады, - деп өкпелі. Себебі көбі ауылдан кеткісі келмейді. Ал, жаңа үйлер елді мекеннен 5 шақырым жердегі аудан орталығында салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Владимир Гейгер, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

- Бұл жер батпақты. Жерді сәл қазсаң, су шығады. Ол не деген сөз? Яғни, баспана үнемі ылғал боп тұрады. Топырағы да бақша өсіруге арналмаған.

Тұрғындардың көңілін күпті етіп тұрған нәрсе, ол - мына қамыстар. Ол құрылыс алаңына жақын орналасқан. Бұл жерде көктемде су жиналады және жер асты сулары да шығады деп қорқады. Сондықтан келешекте жаңадан салынған үйіміздің іргетасы жерге көміліп қала ма деп уайымдайды .

Ал, жергілікті биліктің өз уәжі бар. Айтуларынша, бұл жер аудан орталығын кеңейту мақсатында осыдан 4 жыл бұрын зерттеліп қойған.

Ерлан Теменов, Әулиекөл ауданының әкімі:

- Айтатын адамдар айта береді. Бірақ, бізде генеральный план дейміз, жоспар, сол бойынша бүкіл экспертизадан өткен. Рұқсат қағаздары бар. мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүкіл мәліметтер, құжаттар түгел бар.

Дегенмен жергілікті билік пен құрылысшылардың алдында қазір нақты міндет тұр. Себебі, Президент, бұл баспаналарды 2 жарым, ары кетсе 3 айдың ішінде тапсыру қажет деген қатаң тапсырма берген болатын. Сол үшін мұнда күндіз түні құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Наталья Строкова, Евгений Шинкаренко