Павлодардағы рұқсатсыз салынып жатқан құрылыс жұмыстары тоқтады

Павлодардағы рұқсатсыз салынып жатқан құрылыс жұмыстары тоқтады

Он бес қабатты үйдің құрылысын заңсыз бастады- деген құрылыс компаниясы жұмысты кейінге қалдырған сыңайлы. Биік ғимарат түсетін алаңға қағылған  қадалар топырақпен көміліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылыс барысын қалт жібермей қадағалап отырған куәгерлер оны бейнетаспаға түсіріп,  әлеуметтік желілерге жүктеген. Онда арнайы техникалардың бетон  қадаларды жерге  көміп жатқаны анық көрінеді. Жағдайдың бұлай өрбуіне не себеп болғаны әзірге түсініксіз. Естеріңізге сала кетсек,  Павлодарда қаланың қақ ортасында 15 қабатты үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған еді. Алайда мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылау басқармасы оның рұқсатсыз салынып жатқанын анықтады. Жақын маңдағы үй тұрғындарының шағымы бойынша тексеру жұмыстары  басталған. Себебі дизель-балғаның соққысынан көпқабатты үйдің қабырғаларында  саңлаулар  пайда болған.