Вашингтонда Халық қаһармандарының ерлігіне тағзым етілді
Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев пен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орайластырылған іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де жалғасын тауып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақтың батыр ұлдарының ерліктері мұхиттың ар жағында еске алынып, марафон ұйымдастырылды.
Вашингтонда ауа райы құбылмалы, жаңбырлы болса да, халық қаһармандарын еске алып, ерліктеріне тағзым етуге үлкен де, жас та жиналды. Шараны Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігі ұйымдастырған. Бұл жүгіріс марафонының ерекшелігі, қатысушылар қала орталығынан 100 санының бейнесіндегі бағытпен жүгіріп өтті.
Арайлым Айбекова, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты:
- Америка Құрама Штаттарының төрінде, Вашингтон қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің даңқын насихаттату үшін жүгіріске қатысып отырмыз. Мен алғашқы рет осындай үлкен бір жүгіріске қатысуыма өте қуаныштымын. Осыған қоса қазақ қауымымен АҚШ-та кездесіп, міне, осындай қоғамдық маңызы бар, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне деген үлкен маңызы бар шараға қатысу – мен үшін үлкен қуаныш. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыстың жалпы ардагерлерін, батыр ата-бабаларымызды ұмытпайық.
Марафон маршруты Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған мемориалдан бастау алды. Қатысушылар қазақтың көк туын желбіретіп, Линкольн мемориалы, Джордж Вашингтон монументі және Ақ үйдің алдымен жүгіріп өтті. Отансүйгіштік сезімін оятатын шараға жас жеткіншектер де қатысты.
Нұрәлі Кенесары:
- Сағадат пен Рақымжан аталарымыздың 100 жылдыққа орай марафонға қатысқаныма қуаныштымын. Біздің аталарымыз сияқты қаһарман болайық.
Зара Омарова:
- Біздің батырларымыздың құрметіне марафонды жүгіріп өттік, біз де батыр болғымыз келеді.
Гаухар Қизатулла, ҚР АҚШ-тағы елшілігінің бірінші хатшысы:
- Біздің еліміздің атақты батырларының құрметіне арналған іс-шаралар басқа да елдерде немесе Астана ортасында да өткізілсін деп ойлаймыз. Осыған орай жүгіріс эстафетасын Астана қаласындағы әріптестерімізге тапсырамыз.
5 шақырымдай жүгірген қатысушылар мен оларға қолдау білдірген жақындары естелікке суретке түсіп тарқасты. Болашақ ұрпақ үшін үлгі болған даңқты батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Авторы: Айжан Сыдықова.