Ақтөбеде мектептерге жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан адам іздестірілуде

Ақтөбеде төрт мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицияның құтқару қызметі  мен саперлар Назарбаев зияткерлік мектебі мен №2, №14 және №31 орта мектептерін тексеріп шықты. Екі сағаттан астам жүргізілген іздеу шарасы кезінде ешқандай жарылғыш зат табылмады. Полицияның хабарлауынша, ақпарат интернет желісі арқылы түскен. Қазір жалған хабарлама таратқан адам іздестіріліп жатыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Полиция департаменті анонимді хабарламаның авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізуде. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.