Ақтөбе облысында жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді дронның көмегімен анықтайды

Ақтөбе облысында полицейлер жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді дронның көмегімен анықтауға кіріскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуеде қалықтап жүріп таспаға түсіретін аппарат Самара-Шымкент және Ақтөбе-Астрахань бағытындағы халықаралық жол бойында қолданылып отыр.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, заманауи технологиялар көлік апаты жиі орын алатын тұстарды жіті қадағалауға мүмкіндік береді. Себебі дрон бір мезетте 3 шақырымға дейін қашықтықты түсіреді. Биылғы жылдың 9 айында облыстағы республикалық және халықаралық жол бойында 382 көлік қақтығысы тіркеліп, 75 адам қаза тапқан. 500-ден астам жолаушы түрлі жарақат алды.

Айдос Құлжанов, облыстық ПД ЖПҚ бастығының орынбасары:

- Бұл қазір өте тиімді болып отыр құқық бұзушылықты анықтауға және де біріншіден негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Осы екі күндік рейдтік іс-шараның нәтижесінде 31 құқық бұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде 23-і жол қозғалысының қарсы бағытына шығу құқық бұзушылығы анықталды.