Оралда қос қолынан айырылған балақайдың отбасына пәтер берілді

Оралда токқа соғылып қос қолынан айырылған 4 жасар Аманжол Сисенғалиевтің отбасына жаңа пәтер табысталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге сала кетейік, оқыс жағдай осы жылдың маусым айында БҚО-ның Жаңақазан ауылында болған еді. Ойнап жүрген балақай абайсызда электр станциясының аумағына кіріп кетіп, жоғары кернеулі токқа соғылған. Жарақатының аса ауырлығына байланысты дәрігерлер ампутация жасауға мәжбүр болды. Зардап шеккен Аманжол – отбасындағы 4 баланың кішісі. Ол жаз бойы елдегі іргелі медициналық орталықтарда ем-дом алды. Еріктілердің бастамасымен арнайы қор құрылып, балаға протез сатып алу үшін қаражат жиналды. Ал, балақайдың отбасына үш бөлмелі пәтер 9 қабатты жаңа үйден беріліп отыр.

Орынбек Сисенғалиев,   А. Сисенғалиевтің әкесі:

- Кең үш бөлмелі үй. Мектеп қасында, балалар ауруханасы да қасында. Осы жайлы пәтер беріп жатқанына рахмет айтамын.

Мақсат Мұқанов,   облыс әкімінің көмекшісі:

- Бұл пәтер Аманжол баламызға облыс әкімінің атынан демеушілердің көмегімен беріліп жатыр. Бүгін енді кілтін табыстадық, құжатары бәрі табысталды. Үй 3 бөлмелі, 84,4 шаршы метр. Құжаттарының бәрі тікелей өздеріне беріледі, жекеменшік үй.