Ақмола облысында жолда қалған 60 адам құтқарылды
Қыс қаһарына мінді. Ақмола облысында кейінгі бірнеше күннің ішінде жолда қалған 60 адам құтқарылды.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 45 бағыттағы автожол 73 рет жабылған. Бірақ, қазір жағдай қалыпты. Жолдағы қауіпсіздік сала мамандарының қатаң бақылауында. Олар боранды күні көлік тізгіндеушілерді алыс жолға шықпауға шақырады. Бірақ бұл ескертуді кей жүргізушілер елемейтін көрінеді. Айталық, тәртіпке бағынбаған көлік иелеріне енді жүз мың теңгеден астам айыпұл салынады, немесе 15 тәулікке бас бостандығынан айырылады.
Қайрат Қасым, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
- Кейбір жауапсыз көлік тізгіндеушілер кез-келген тәсілмен жолға шығады. Мәселен, күні кеше ғана барлық автожолдар жабық жатқанда бір жүргізуші жақын маңдағы ауылдардың ішімен посты айналып өткен. Абырой болғанда, дер кезінде хабарласып, құтқарып алдық. Сондықтан тәртіпке бағыну керек. Әсіресе мұндай жағдайлар жаңа жылдық демалыс кезінде де көптеп орын алды. Сол себепті барлық тұрғындары талаптарды мұқият орындауға шақырамын.