Ақтөбеде ұрлығын жасырмақ болған жүргізуші ұсталды

Ақтөбелік жүргізуші ұрлығын жасырмақ болып, көлігін өртеп жіберген.

«DAF» автомобилінің жалға алған 34 жастағы күдікті жүк тасымалымен айналысқан. Түрлі электронды құрылғылар, ұялы телефонның қосалқы бөлшектері мен керек-жарақтарын тиеп Алматыдан Мәскеуге жеткізуі тиіс болыпты. Бірақ орта жолда Маржанбұлақ ауылындағы туысының үйіне тауардың көбін түсіріп кеткен. Қылмысын жасыру мақсатында жолға шыққан соң көлікті ішінде қалған жүгімен бірге өртеп жіберіпті. Қазір бұл істі полицейлер тексеріп жатыр. 

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Тауар иесі жүк көлігінде жалпы сомасы 146 миллион теңгеге тауар бар екенін түсіндірген. Осы факті ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігімен «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.