Қарағанды облысында есірткі өткізетін арнаның жолы кесілді
Қарағанды облысында есірткі өткізетін арнаның жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен синтетикалық есірткі өткізетін арнаның жолын кесу бойынша арнайы операция өткізілді. Жедел іс-шара Қарағанды және Теміртау мен Абай қаласында жүргізілді.
Арнайы шара кезінде 21 мен 33 жас аралығындағы төрт азамат ұсталды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің арнайы сайт ашып, синтетикалық есірткіні әлеуметтік желі арқылы сатқанын анықтады. Жедел қызметкерлермен күдіктілердің жалдамалы пәтерлерінің бірінен сатуға дайындап қойған 90 орам ақ түсті ұнтақ зат тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат 603 грамм синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/qaraghandy-oblysynda-esirtki-otkizetin-arnanyng-zholy-kesildi/