Ақтөбеде оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбеде қарда жүретін көліктің бір топ адамды қағып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында болған оқиғаның мән-жайы толық анықталмақ. Әзірге 16 жастағы жасөспірім тізгіндеген шағын техниканың демалыс орнына тиесілі емес екені белгілі болды. Қарда жүретін көлікті өздерімен бірге әкелген болуы мүмкін дейді полиция қызметкерлері. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатқан соң, бүгінде кімнің жауапкершілікке тартылатынын айту ерте. Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбі күні қала сыртындағы демалыс орындарының бірінде қарда жүретін шағын көлік бір топ адамды қағып кеткен еді. Оқиға салдарынан 40 жастағы әйел қайтыс болса, 49 жастағы ер адам мен бес бірдей кәмелетке толмаған бала ауруханаға түсті. Арасында бір жасар сәби де бар. Жарақат алғандардың жағдайын дәрігерлер жіті бақылап отыр.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қарда жүретін көлік жаңағы көлікті жүргізген, кәмелетке толмаған баланың  туысына тиесілі екендігі анықталды. Бұдан басқа тергеу барысында басқа да себептер ашылуы мүмкін. Сондықтан қазір ештеңе айта алмаймыз. Аталған факт бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 345-ші бабы 3-ші бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.