Өскеменде өзін қасақана банкрот жариялағандар анықталды
Шығыс Қазақстанда жарты миллиард теңгенің мүлігі мемлекетке қайтарылды.
Жалған банкроттық жариялаған үш бірдей кәсіпорын иелерінің жымысқы ісі әшкереленді. Мемлекет алдындағы міндеттерді орындаудан жалтарған олар бір күндік фирмалар құрып отырған. Сөйтіп пайдаға кенелуді көздеген. Бұл әрекеттері экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің назарына ілікті. Қазір үш қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды.
Еркебұлан Мусин, ШҚО экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы:
- Бұл жерде барлығы әдеттегідей бір жүйеде жасалған. Кәсіпорындар банкрот деп танылмай тұрып ондағы барлық бағалы мүлік үлестес тұлғалардың атына аударылады. Сөйтіп, мемлекет алдындағы міндеттерден құтылады. Қазір бұл іске қатысы бар азаматтардың барлығы да анықталды.