БҚО-да апатқа ұшыраған тікұшақ 1 ай бұрын тексерістен өткен
Батыс Қазақстанда апатқа ұшыраған тікұшақ осыдан 1 ай бұрын ғана техникалық тексерістен өткен. Алайда мамандар ешқандай ақау таппады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді. Әуе кемесі 2022 жылы Ресейде шығарылған.
Жалпы, елде тура 15 жыл бұрын дәл осы Ми-8 тікұшағынан 5 адам опат болған еді. Қалың қараша қаралы оқиғаның қайталанғанына қауіппен қарайды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Тікұшақ кеше сағат таңғы 10:40-та Атыраудан ұшып шықты. Магистральді мұнай құбырын шолу үшін көкке көтерілген борт ішінде 6 адам болды. Әуе кемесі Орал қаласынан 54 шақырымдай аумақта апатқа ұшырады. Оқыс оқиға жайлы хабар орталыққа 15:48-де түсті. Алғашында «борттағылар түгелдей тірі» деген үміт болды. Өйткені жараланғандардың бірі диспетчерге «өзгелер де аман» деп хабарлады. Бірақ құтқарушылар жеткен кезде 4 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Құрбандардың отбасына өтемақы төленеді.
Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
- «Қазавиақұтқару» қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді. Ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар «Қазавиақұтқару» есебінен жүргізіледі. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетін болады.
Бортта болған тағы 2 азамат ауруханаға жеткізілді. Олар – 62 және 36 жастағы 2 ер адам. Бірі «Қазавиақұтқарудың» жетекші инженері болса, екіншісі – «ҚазТрансОйл»-дың өкілі. Екеуі де бас пен мидың жабық жарақатын алған, миы шайқалған. Қазір олар қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Жағдайлары тұрақты.
Еркін Ахбалин, Орал қалалық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі:
- Келіп түскендегі жағдайлары санасы анық, жалпы жағдайы орташа болды. Барлық сұрақтарға жауап берді. Түнде бақылауда болды. Түнде ұйықтап шықты. Барлық шаралар жасалды. Операция керек емес. Қажет еткен жоқ. Әрмен қарай енді 5-6 күн бақылауда болады.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия құрылып, құзырлы органдар апаттың себебін анықтап жатыр. Тергеуді Бас көлік прокуратурасы қадағалайды. Тікұшақты құрастырған ресейлік зауыттың өкілдері де апат орнына барып, оқыс оқиғаның себебін анықтауға көмектеспек.
Ләззат Қасымжанова, ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің ресми өкілі:
- Ағымдағы жылы 23 ақпанда аталған факт Көліктегі ПД-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта ҚР Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен осы іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ми-8 тікұшағынан опат болу елде алғашқы рет болып тұрған жоқ. 2008 жылғы 28 ақпанда Қызылорда облысы Жалағаш кентінде де дәл осы әуе кемесі апатқа ұшырады. Ол кезде де борттағы экипаждың 2 мүшесі мен 3 жолаушы қаза тапқан еді.
Авторы: Бекзат Аманов.