Шымкентте автобус апатынан қаза тапқан адам саны 5-ке жетті
Шымкенттегі қоғамдық автобустың қатысуымен болған ірі жол апатынан тағы бір бала қайтыс болды.
Осылайша жантүршігерлік көлік оқиғасынан қаза тапқандардың саны бес адамға жетті. Екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында көз жұмса, кәмелетке толмаған тағы екі жасөспірім жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Соңғысы 2006 жылғы жасөспірім. Дәрігерлер науқасты аман алып қалуға тырысқанымен оның жүрегі тоқтап қалды. Апаттан зардап шеккен тағы бір науқас қазір ауруханада жатыр. 2005 жылғы қыздың жағдайы қалыпты. Қазір дәрігерлердің жіті бақылауында.
Лаура Нахыпқызы, қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Осы жылдың 8 сәуірінде жедел жәрдем қызметіне сағат 18:43-те шақырту түскен. Оқиға орнына 4 жедел жәрдем бригадасы барды. Оқиға салдарынан 6 адам зардап шеккен. Оның үшеуі оқиға орнында көз жұмған. Ал үш азамат жағдайының ауырлығына байланысты жедел жәрдем қызметімен жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген. Соның ішінде облыстық балалар ауруханасы мен перинаталды орталыққа жеткізілген екі науқас реанимациялық көрсетілген шараларға қарамастан ауыр жарақат салдарынан көз жұмды.
Ал қалалық полиция департаменті апаттың мән-жайын хабарлады. Ресми ақпарат бойынша қоғамдық көліктің жүргізушісі жұмысын аяқтап, автобусты қол тежегіште қалдырып кеткен. Осы сәтте көлік төмен қарай құлдилай жүріп, жылдамдығын арттырған. Кейін жолдың қарсы бағытына шыққан жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Бұл кезде автобус ішінде жүргізуші болмады. Апат кеше кешкі сағат жетілер шамасында болған. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобустың жарамдылығын анықтайтын автотехникалық сараптама тағайындалды.
Салтанат Қаракөзова, Шымкент қаласы ПД ресми өкілі:
- Қазіргі таңда Шымкент қаласы ПД АБ қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Автобустың жүргізушісі қамауға алынды.