Қарағанды облысында мектепке жапсарлатып салынған нысан құлап қалды
Қарағанды облысындағы Ақадыр кентінде қатты жел салдарынан орта мектепке жапсарлай салынып жатқан нысанның қабырғасы құлап қалды.
Мұнда жеке спортзал мен асхана болуы тиіс еді. Енді 500-ге жуық бала оқып жатқан мектеп-интернаттың асханасы мен спортзалының салыну мерзімі тағы сиырқұйымшақтанатын болды. Алдын ала ақпаратқа сай мердігер жобаны өрескел бұзып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына салғырт қараған. Құрылыстың техникалық жағдайын тексерген эксперттік агенттік жобалық-сметалық құжаттың дұрыс емес екенін, құрылыс нормалары сақталмағанын, тіпті кірпіштердің де сапасы нашар екенін анықтапты. Осылайша нысанның балалардың өміріне қауіпті екенін айтқан. Абырой болғанда, қауіпті құрылыс пайдаға берілмей жатып сүрілетін болды. Енді бұл жұмысты жаңа мердігер жалғастырады.
Мұрат Мағзин, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Жылдың басында біз мердігермен келісім-шартты бұзып, жаңадан конкурс жүргіздік. Қазір жаңа мердігер анықталды. Келер демалыстан бастап құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Негізі биыл жылдың аяғында құрылысты тапсыруымыз керек.