БҚО-да пошта ғимараты өртенді
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында «Қазпошта» ғимараты 18 сәуір күні кешкісін отқа оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өрт 250 шаршы метр аумақтың 72 шаршы метрін шарпыған. Төтенше жағдай қызметкерлері тілсіз жауды 2 сағат 15 минутта толықтай сөндірді. Қазір аудан әкімдігі мен пошта басшылығы мекемені, өзге ғимаратқа шұғыл көшірудің жолдарын қарастырып жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, өрт электр желілерінің тұйықталуынан шыққан.
Мереке Жұмағалиев, БҚО ТЖ департаментінің басқарма басшысы:
- Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Өрт сөндіруге өрт сөндіру қызметінің 8 адам жеке құрамы мен 2 техникасы жұмылдырылды. Қазіргі таңда оқиға орнында департаменттің анықтау бөлімінің қызметкерлері мен өрт сынақ зертханасының мамандары және аудандық полиция қызметкерлері жұмыстануда. Өрттің пайда болу себебі мен кінәлі тұлғалар қазіргі таңда анықталып жатыр.