Сөмке-сөмке ақша: Талдықорғанда білім бөлімінің есепшісінен «миллиард» табылды
Талдықорған қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2020 жылдан бері екі млрд теңге жымқырған.
Бүгін Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті осындай мәлімет таратты. Құзырлы орган өкілдері күдіктілерді қолға түсіру операциясының бейнежазбасын да жариялады. Талдықорғаннан 300 шақырым жердегі Панфилов ауданының аумағында ұсталған бас есепшінің көлігінен бір млрд теңгеге жуық қаражат табылды. Сонымен қатар 29 жылжымайтын мүлік құжаты анықталды. Соның он төрті пәтер, жетеуі сауда-саттық нысаны. Тағы бір жол талғамайтын қымбат көлік тәркіленді. Қомақты қаржының тең жартысына жуығы өткен қыста аударылған.
Мақсат Жебегенов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басшысы:
- Осы өткен 2022 жылдың желтоқсан айында 800 млн теңге жымқырған. Күдікті тұлғалар білім беру саласында мүлдем жұмыс істемейтін тұлғаларға жалақы ретінде ақша бөлу жолымен мемлекеттік қомақты қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған. Сот үкімімен қазіргі таңда қамауға алынды.