Петропавлда 15 гектар жерді өрт шалды
Петропавл маңындағы өрт сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.
Бүгін таңертең қала маңында құрғақ шөп пен қамыс тұтанып, 15 гектар жерді шарпыған болатын. Тілсіз жаумен 2 өрт сөндіру бөлімінің мамандары және орманшылар бірнеше сағат бойы күресті. Лаулап жанған отты дер кезінде ауыздықтауға жел мен батпақ жер кедергі келтірген. Әзірге төтенше жағдайдың неден шыққаны белгісіз.
Жыл басынан бері өңірде 6 орман өрті тіркелді. Ал құрғақ шөптің жануынан 110 гектар жер өртенді.
Ренат Айтпышев, №2 өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:
- Өрт жақын маңдағы құс фабрикасы мен Белое ауылына қауіп төндірді. Сонымен қатар жолдың бойында жанар-жағармай бекеті бар. Қазір тілсіз жаудың бықсып жанып жатқан ошақтары сөндіріліп жатыр. Зардап шеккен жоқ.