Зауыттағы өрттен жарақат алған жұмысшылар Ақтөбеге жеткізіледі
Жаңажол газ өңдеу зауытында болған өрттен жарақат алған 4 адам Ақтөбеге жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жұмысшылардың жай-күйін санавиация дәрігерлері бақылауға алуы тиіс. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы зардап шеккендер денесінің 25-тен 48%-ке дейін күйік шалғанын хабарлады.
Төтенше оқиға ілеспе газды өңдеу зауытында болған. Өрт сөндірушілер жалынның өндіріс орнындағы өзге де қауіпті нысандарға таралуына жол бермеген. Нысанда жанармай құйылған 20 тонналық 5 цистерна болған. Облыс басшысы жедел әрекет етіп, өрт сөндірген 52 құтқарушыға алғыс білдірді.
Қазір комиссия көгілдір отынның тұтану себебін анықтауға кірісті. Ералы Тоғжанов өңірдегі барлық мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарда қауіпсіздікі қамтамассыз ету деңгейін тексеруді тапсырды.
Марат Жанқұлов, облыстық жедел медициналық жәрдем бекетінің бас дәрігері:
- Негізінен кеуде тұсы мен білектері, біреуінің беті күйген. Барлығы да қазір есін біледі. Тиісті ем көрсетілді. Жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы күйік орталығында комбустиолог дәрігеріміз бар. Сонда жеткіземіз. Бұған дейін 2 көлік жолға шықты. Тікұшақты күтіп отырмыз. Науқастардың жай-күйіне орай біреуін әуемен, қалған үшеуін автомобильмен Ақтөбеге алдырамыз.