Павлодарда саяжайлар өртеніп жатыр

Тілсіз жаудан 500-ге тарта бағбаншылық шаруашылығы күлге айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық ТЖ басқармасының мәліметіне сүйенсек, бір айда 5 ірі өрт тіркелген. Мәселен, «Металлург» саяжайында қызыл жалын 300 бау-бақшаны шарпыды. Оның 90-ы – қолданыстағы жер телімдері. Алдын-ала болжам бойынша, өрттің шығуына адамдардың салғырттығы себеп болған.

Тағы бір оқиға «Яблонька» саяжайында тіркелді. Онда 100-ден аса бағбаншылық аумағы отқа оранды. Қолайсыз ауа райы жағдайды ушықтыра түскен. Оның үстіне саяжай шаруашылықтары әлі сумен толық қамтылған  жоқ. 

Арман Арын, Павлодар қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының  бас маманы:

- Соңғы өрт бізде «Металлург» бау-бақшасында болған. Өрттің себебі ол қоқысты және құрғақ шөпті жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы. Осы факт бойынша бізде кінәлі адам ұсталды және де осы адам ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.