Ақтауда үйдің кіреберісіндегі маңдайшаның құлауынан жұмысшы қаза тапты
Ақтауда көпқабатты үйдің кіреберісіндегі маңдайша опырылып түсіп, 1 жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқыс оқиға күндіз 12 шамасында 9-шағын аудандағы 4-ші үйде болды. Куәгерлердің айтуынша, сервистік қызмет көрсету мекемесінің 3 жұмысшысы дрельмен тесіп жатқан кезде биіктегі бетон шытынап, артынша қираған. Үйінді астында қалған 53 жастағы ер адам көз жұмды. 29 жастағы жігіттің аяғы сынып, ауруханаға жеткізілді. Үшінші жұмысшы аман.
Тұрғындар барлық подъезд маңдайшасының апатты жағдайда тұрғанын айтады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама тағайындалды.
Валерия Фурсина, қала тұрғыны:
- Үйге перфератордың даусы естіліп тұрды. Бір мезет қатты дыбыс шығып, сыртта адамдар айқайлап жатты. Есік алдына шыққанымда бір адам ақсаңдап жүрді. Тағы бірі қиранды астында жатты. 20-ға жуық адам бетон сынығын көтеріп, шығарып алды. Бірнеше рет жедел-жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келгенімен, жұмысшы көз алдымызда қайтыс болды.