Қазақстанда марафонда қайтыс болу жиіледі
Қазақстандықтар марафон талаптарын күшейту қажет деп санайды.
Себебі жыл сайын мұндай дәстүрлі іс-шараларда тіркелетін кісі өлімі алаңдатады. Жарысқа қатысушының денсаулығына кім жауапты?
Күні кеше Ілені жағалай жүгірген желаяқ мерт болды. 41 жастағы азамат мәреге санаулы метр қалғанда жерді құша құлады. Марқұм Алматы қаласының тұрғыны. Бұл жарысқа төртінші мәрте қатысқан. Соңғы сағаты соққанша денсаулығына қатысты шағым айтпапты. Ұйымдастырушылардың талабы жарыс жарнасын төлесе болғаны. Ал «қатысушының денсаулығы алдын ала тексеріле ме?» деген сауалға "Тенгри Ультра" марафонының құлағын ұстағандар жауап беруден бас тартты. Бірақ әлеуметтік желідегі парақшасында мәселенің мән-жайын түсіндіріп, марқұмның отбасына көңіл айтты.
Марафон ұйымдастырушысы:
- Оған бірден жарыста кезекшілікте тұрған интенсивті терапия бригадасы алғашқы көмек көрсетті. Алайда құтқарып қала алмады.
Мәселе қоғамдық резонанс тудырды. Тараптар пікірі қақ жарылды. Ал жауапты органдар кез келген жарыс регламентке сай өткізілуі тиіс екенін алға тартады.
Ажар Мусуламбекова, Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының бөлім басшысы
- Әр іс-шараның өзіндік ережесі болады, яғни регламенті. Сол регламент бойынша әрбір қатысушы денсаулығы жарамды туралы дәрігердің мөрі бар қағаз әкеледі, сол қағаз арқылы ғана тіркеле алады. Денсаулығы жарамсыз болса, біз оны қабылдай алмаймыз. Тіркеуден өтпейді яғни.
Астана қаласында бұл жағынан талап қатаң. Алайда «Анықтама сұрап, «әуре болмайтындар» да бар» дейді спортшылар.
Айгүл Аржаникова, жеңіл атлетика бапкері:
- Ыстамбұл марафонына да қатысқан кісі көп болды. Шамамен, 8-9 мың адам. Ол жерде ешқандай анықтама сұраған жоқ. Тек жауапкершілік туралы қағазға қол қойдық. Марафонға бірнеше ай дайындалу керек. Жаттықпасаңыз, өзіңіздің денсаулығыңызға қауіп төнеді. Әсіресе уақытпен жарысқанда қиын.
Сәуле Кемелова, әуесқой спортшы:
- Біз үнемі қол қоямыз. Егер қол қоймасақ қатысушының номері берілмейді. Барлық жарыстың алдында «өз денсаулығым үшін өзім жауап беремін» деп, құжатқа қол қоясың. Ұйымдастырушыға ғана кінә артуға болмайды. Денсаулығы мықты адамның өзі құлап жатады. Мүмкін ол жайсыз ұйықтаған шығар, мүмкін басқа да стресстік жағдайда болған шығар.
Ал дәрігерлердің айтуынша, жарысқа қатысатын кез келген адам арнайы тексеруден өтуі қажет.
Қайырғали Конеев, кардиолог:
- Әр адам осы марафонға қатынасамын десе, міндетті түрде дәрігерге барып, жүрегін тексертуі керек. Водно-солевой обмен дейміз, анализдерін тапсыруы керек. И дәрігерден өзі өтуі керек. Марафонға қатысатын адам денсаулығына жауапкершілігін өзі алуы керек.
Әрине адам өз өмірі үшін алдымен өзі жауапты. Бірақ бұл жарыс жолындағы алғашқы өлім емес. Былтыр қыркүйектегі Алматы марафонында бір шаңырақ қара жамылған-ды. Биыл тағы бір әулеттің бәйтерегі құлады.
Нұрқанат Қанапия, Артур Горшняков