Ақтөбенің қоқыс полигоны отқа оранды

Ақтөбенің қоқыс полигонынан тағы да өрт шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көк түтін қалаға тарап, желдің екпінімен шаһарға жақын Мәртөк ауданына бет алды. Жылда жаз келсе өртке оранатын күл-қоқыс орны енді топырақпен көміледі. Жергілікті билік оны толық жауып, жаңа полигонды пайдалануға беруге ниетті.

Қалалық қоқыс полигоны 3 күн бұрын тұтанған. Содан бері бықсыған қою көк түтін басылар емес. Қалаға тарап, тұрғындарды әбден титықтап болды. Әсіресе полигонға жақын 2 бірдей шағын аудан үшін оңай болмай тұр.  

Тұрғындар:

- Мықты шығады түтіннің иісі. Түтіндеп, адамды да, мына бәрін түтін алып кетеді. Менің тұрғаныма 20 жыл болды, үнемі солай.

- Анда-санда жаман болады. Ацетон сияқты ма, сондай бірдеңе. Жаңа келе жатқанда да соны сездім.

Күл-қоқыс күннің ыстығынан жанған. Бұл биыл 7-ші рет қайталанып отыр. Оқиға экологтарды бейжай қалдырмады. Себебі зертханалық тексеріс  қоршаған ортаға тараған зиянды заттардың қалыпты нормадан жоғары екенін көрсетті.

Тұрар Қожанов, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

- Бізде қолда бар ақпаратқа сәйкес, көміртегі оксидінен, азот оксидінен және күкірт диоксидінен көрсетілген нормадан асып тұрғаны анықталды. Бүгінгі таңда департамент тарапынан қалалық полигонды басқарып отырған «Табыс Ақтөбе» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеріс тағайындалып жатыр.

Қоқыс полигонындағы түтінді басудың бірден-бір тиімді жолы – топырақпен көму. Бұл іске бірқатар кәсіпорынның ондаған техникасы тартылған. Полигонды басқаратын серіктестік басшысы бұған дейін қойылған талаптарды орындамаған. Соңғы 2 жылда оған бір млн теңге айыппұл салынса да, бұл жолы сыннан қорытынды шығаруға тырысады.

Асанәлі Қайдаров, серіктестік басшысы:

- Жыл сайын енді топырақпен жабамыз оны. Локалды көмектесетіні – тек топырақпен. Іштегі біздің су тасығышымыз бар, іштегі адамдарымызбен өртті болдырмаймыз.

Полигондағы өртті алдын алуға ауқымды күш жұмсалғанымен нәтиже жоқ. Былтырдың өзінде 17 рет жанған. Енді қала билігі 40 гектар қоқыс алаңын құммен көміп, қомақты қаржы жұмсамақ.

Айдос Хамиев, қала әкімінің орынбасары:

- 219 млн қаражат осы қатты қалдықтар полигонын толық көлемде топырақпен жабу үшін. 60 сантиметр қалыңдықта жабылады. Сол себепті тұтану, жану мәселесі түбегейлі жойылады. Толық жабылады, осы маусым айының аяғына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Қоқыс полигонын осы айдың соңына дейін жабу көзделген. Бұдан кейін жаңа күл-қоқыс төгетін орын қолданысқа берілмек. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.