Шиеліде ауыл халқы мал ұрыларын ұстауға көмектесті
Қызылорда облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды.
Оларды құрықтауға ауыл тұрғындары көмек берген. Үш күдікті Шиелі ауданына қарасты жайылымнан 8 ірі қараны жүк көлігіне тиеп алып кеткен. Түн жорытқан көлік күдік тудырып, ауылдықтар дереу полицияға хабар береді. Куәгерлердің айтуымен ұрылардың ізіне түскен тәртіп сақшылары көп ұзамай оларды қолға түсірді. Оңай олжаға құныққандар сүт пісірім уақытта 2 сиырды сатып үлгірген. Қалған алтауы малдың иесіне қайтарылды. Ұсталғандарға қатысты тергеп тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жыл басынан бері 128 бас мал қолды болған.
Сахи Көшеров, облыстық полиция департаментінің аға жедел уәкілі:
- Ұрланған 24 мал дерегі қараусыз өрістен және 12 дерегі қорадан ұрланған. 36 тіркелген мал ұрлығының 18 қылмыстық фактісі ашылып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс көлемінде 28 тіркелген мал ұрлығы бойынша 54 бас мал егелеріне қайтарылды.