Қызылорда облысында кене шаққан тағы бір адам көз жұмды
Қызылорда облысында тағы бір адам кенеден келген кеселден көз жұмды.
Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққан азамат Шиелі ауданының 32 жастағы тұрғыны. «Ол мал шаруашылығымен айналысқан. Инфекция жұқтырғанын кеш білген», - дейді мамандар. Жалпы маусым, шілде айларында облыс бойынша қауіпті инфекциядан үш адам қайтыс болды. Олардың барлығы өзін жайсыз сезінгенімен, дәрігерге қаралуға асықпаған. Тіпті, халық еміне жүгінемін деп уақыт жоғалтқандары да бар. Жыл басынан бері облыс бойынша 29 адамға Конго-Қырым қанды безгегі диагнозы қойылған. Бірақ 10 адамның инфекция жұқтырғаны зертханалық жолмен расталды.
Жангелді Шайымбетов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қайтыс болған науқастардың барлығы медициналық көмекке кеш жүгінген. Бұл дегеніміз тұрғындардың Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы әлі де түсіндірме жұмыстарының әлсіздігін байқатады. Науқастар алғашқы клиникалық белгілері басталғаннан кейін өз беттерінше үй жағдайында ем қабылдайды. Жағдайы нашарлаған кезде ауруханаға қаралады.
Әлия Әбдіқайымова Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бұл кенені улайтын препараттардың дәрілерінің күші минимальды екі жетіге, максимальды бір айға ғана жетеді. Малмен айналысып отырған, ауыл шаруашылығымен олар міндетті түрде өз қаражаты есебінен жыл көлемінде кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізіп отыру керек.