БҚО-да дала өрті жиілеп тұр

Батыс Қазақстан облысында күннің күрт ысуына байланысты ауылшаруашылық жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Бұл туралы бүгін  облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың тиісті өкімі қабылданды. Өйткені өңірде дала және орман өрті жиілеп кетті. Айтиев ауылында 26 гектар орман, 24 гектар дала жанып кеткен. Тілсіз жау ауыл шетіне дейін жетіп, 2 үйдің қора-қопсысын жалын жалмаған. 10 үйдегі 44 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Новопавлов ауылында жалынның орманға ұласып кету қаупі зор. Қазір оқиға орнына барлық қажетті күш-құрал бағытталған. Ал Казталов ауданының Болашақ ауылдық округінде 4800 гектар дала жанып кеткен. Сондай ақ түстен кейін Орал қаласында қатты желдің салдарынан электр желілері үзіліп, Деркөл, Желаев, Ескі әуежай аудандарында 800-дей үй жарықсыз қалды. Қазір Батыс Қазақстан электр тораптарын таратушы компаниясының апатты бригадалары қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Өңірде кешелі-бері  сынап бағанасы 40 градустан түспей тұр. Синоптиктердің болжауынша аптап ыстық пен аңызақ жел сәрсенбіге қарай бәсеңсиді.

Ернұр Өтегенов, БҚО ТЖ департаментінің бастығы:

- Қазір облыста өрт жағдайы өте күрделі. Ауа температурасы 42 градусты көрсетіп тұр. Және жылдамдығы 20 метр секундына көбейіп кетті. Кейбір жерде желдің ұйытқуы кесірінен қатты жел тұрып,  өрт ұлғайып жатыр. Өрттердің шығу себебі белгілі. Темекі тартуынан және далада қатты желден теректер құлап жатыр. Көп электр сымдары соғылып жатыр. Бұл қалада да көп жағдайлар болып жатыр. Электр жарықтары өшіп жатыр. Желдің қаттылығы сондай, жеңіл машиналарды орнынан қозғап жатыр.