БҚО-дағы өртті өшіруге өзге өңірлерден құтқарушылар келді
Батыс Қазақстан облысындағы дала өрттерін өшіруге өзге өңірлерден құтқарушылар шақыртылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ақтөбе қаласынан шыққан 5 техника мен 31 өрт сөндіруші түнделетіп жетіп, Сырым ауданы Тоғанас ауылында оралдық әріптестеріне көмектесті. Бірлескен күш-қимылдың және ауыл халқының бір кісідей жұмылуының арқасында қазір өрттің негізгі ошағы ауыздықталған. Жалын шарпыған жалпы аумақ 7 мың гектарға жеткен. Ал Ақжайық ауданының Тасқала ауданымен шекарасында кеше кештен бері тілсіз жаумен жанкешті күрес жүріп жатыр. 11 мың гектардай жайылым жанып кеткен. Өртті сөндіруге Астанадан арнайы Ми-875 ұшағы жіберілді.
Рашид Біләлов, БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары:
- Қазіргі ақпарат бойынша, Сырым ауданында да, Тасқала ауданында да елді мекендерге қауіп жоқ. Далалық алқаптар. Жақын елді мекендер орналаспаған ол жерде және де Астана қаласынан ауадан өшіруге тікұшақ шақырылған болатын. Қазіргі таңда тікұшақ Ақтөбеден біздің облысқа ұшып келе жатыр. Ол біздің Ақжайық ауданымен Тасқала ауданы шекаралас, сол жерде «Космомониторинг» мәліметі бойынша, біздің қызметкерлердің мәліметі бойынша сол жерге жұмылдырамыз деп отырмыз.
Күннің күрт ысуына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы тәуліктерде дала және орман өрті жиілеп кетті. Кешелі бері өрт сөндірушілер Теректі, Бөрлі, Бәйтерек, Ақжайық, Казталов, Сырым аудандарында 40 рет атқа қоныпты. Қазір Сырым мен Ақжайықтан басқасында өрт ошақтары толықтай оқшауланып өшірілген. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты кеше ауылшаруашылық жұмыстарын уақытша тоқтату туралы облыс әкімінің өкімі шыққан еді. Бүгін оңтүстік аудандарда аптап ыстық пен аңызақ желдің беті қайтты. Ертең Орал қаласында да ауа температурасы төмендейді деген болжам бар.