Оралда қатты желдің кесірінен екі мыңнан астам үй жарықсыз қалды
Орал қаласында 2197 абонент жарықсыз отыр. Қатты желден ағаштар құлап, электр сымдары үзілген.
Оның үстіне аптап ыстықтан қосалқы стансалардағы 5 трансформатор жанып кеткен. Оның үшеуі көп кешікпей резервтік трансформатормен алмастырылса, екеуі әлі жөнделіп жатыр. Шілденің шіліңгір ыстығы жерасты кабельдеріне де әсер етіпті. Кеше кештен бастап таңға дейін қалада 10 шақты жерасты электр желісі істен шыққан. Қазір Батыс Қазақстан аймақтық электр желілері компаниясы күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. 14 бригададағы 52 маман табиғи апаттың зардабын жоюмен айналысып жатыр. Кешке дейін қуатпен қамтудағы іркілістерді жоюға тырысамыз, дейді мамандар.
Асқар Ғайсин, Батыс Қазақстан облысы аймақтық электр желілері компаниясының бас инженері:
- Олар майлы трансформатор болғасын, майы қызып, жаңағыдай жүктеме көбейіп кеткендіктен, жүктемені көтере алмай жану фактілері болды. 2197 абонент бүгінгі таңда жарықсыз қалып отыр. Олардың басым көпшілігі кеше кешкілік сағат 7-8 уақытында болып, түнде істен шықты. Олар Ет комбинаты шағын ауданы, орталық базар аумағы, Әмбебап аудандары, Желаев кенті және Деркөл ауданында қаланың шеті істен шығып, солар жарықсыз отыр.