Абай облысындағы өртенген аумақ 350 гектарға жетті
Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватында өртенген аумақ 350 гектарға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған дейін резерватқа қарасты Беген орманшылығында құрғақ шөп пен ағаштар жанып жатқанын хабарлаған едік. Тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдайлар министрілігіне қарасты бөлімшелер мен әскери бөлімінің 100 адамы және 20-дан астам техникасы жіберілді. Министрліктің тікұшағы да тартылды. Шекаралас аймақтардан жеке құрамның 25 қызметкері мен 15 техника жұмылдырылды.
Өрт шарпыған аумақта «Шошқалы» демалыс аймағы орналасқан. Сол себепті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіп сейілгенше демалыс аумағынан шығу ұсынылды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен, аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев қазір оқиға орнында жүр.