Ұшақта шылым шеккен екі әйелге айыппұл салынды
«Air Astana» ұшағының бортында темекі шеккен екі алматылыққа айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пхукет – Алматы бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне акт бойынша екі жолаушы әйел берілді.
Тексеру барысында көлік полицейлері ұшақ бортында электронды темекі шеккен Алматы қаласының 36 және 37 жастағы екі тұрғынын анықтады.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі (Әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, тұтынудың электрондық жүйелерін тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әуе рейсінен 60 азаматты түсірді, оның ішінде 29 адам темекі өнімдерін тұтынған.