Қарағанды облысында жаппай уланған балалардың бірі қайтыс болды

Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай уланған балалардың бірі көз жұмды.

Бұл жөнінде облыстық әкімдік хабарлап отыр.

Жалпы орталықта 30 шілде күні 2 бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды. Қазір алты бала жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында. Балалардың улану себептерін анықтау үшін арнайы комиссия да құрылды. Қылмыстық іс қозғалып, Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына беріліпті. Қазір мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді. Ал бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова балалар түсініксіз генезден уланды деп жауап берді.