Алматыдағы өрт: Бір адам қаза болды

Алматыдағы 16 қабатты тұрғын үйдегі өрт салдарынан жарақат алған бір әйел қайтыс болды.

Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Тілсіз жаудан 43 адам зардап шекті. Қазір 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы төртеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Ал үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Өрттен зардап шеккен 12 ересек қалалық көпбейінді медициналық мекемелерге жеткізілді, соның ішінде 5 адам ауруханаға жатқызылып, қалғаны қажетті шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілді. Қалада өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Тұрғындар қонақүй мен лицейге орналастырылып, ас-сумен қамтылды. Сондай-ақ, тұрғын үйді  қалпына келтіру бойынша құрылыс компаниясымен келіссөз жасалды.