Наурызым қорығында өрт шықты

Қостанай облысының Наурызым мемлекеттік қорығының аумағында бірнеше жерден өрт шықты.

Кеше кешкісін аудан орталығы Қарамеңдіден он шақырым жерде құрғақ шөп пен бұталар жанып, қызыл жалын орман алқабына жеткен.

Екінші өрт ошағы Шолақсай ауылының маңында тұтанды. Ол жерде Сарымойын өзені айналасындағы қамыс пен құрғақ шөп жанған.

Ізінше Қарамайшы бөлімшесіне жақын тұста қою түтін байқалған. Бастапқы болжам бойынша, найзағайдан тұтанған от қорықтың шамамен 60 гектардан астам аумағын шарпыған.

Өртті тез сөндіруге қатты жел мен батпақты жер кедергі келтірген.  Қазір Астанадан, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан төтенше жағдай қызметкерлері көмекке келді. Барлығы 200-ге жуық адам, 55 техника жұмылдырылды. Одан бөлек бүгін қосымша тағы екі тікұшақ жіберілді.

Азамат Орынбаев, Қостанай облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Уақытылы жұмылдырылған бүкіл күш-құралдардың арқасында өрт ушыққан жоқ. Түтіндеп жатқан жерлер бар. Қазіргі уақытта оны су құйып сөндіріп жатыр. Өрт әрмен қарай таралып жатқан жоқ. Зардап шеккен бір адам бар. 1-2-ші дәрежелі күйік шалған, қазіргі таңда аудандық ауруханада ем алып жатыр.