Анталияның Алания ауданында екі қазақстандық жол апатынан қаза тапты
Анталияның Алания ауданында жол апатынан үш адам көз жұмды.
Оның екеуі Қазақстан азаматы. Еліміздің сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнында 1989 жылы туған әйел мен оның 2 жастағы қызы қайтыс болды. Бір ер адам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың 9 жастағы ұлы да ауруханада. Жол апаты, Газипаша-Анталия бағытында болған. Туристтерді тасымалдаған сафари көлігі, қарама-қарсы беттегі көлікпен соқтығысқан.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі. Аталған отбасы мүшелері Түркияға демалу үшін келген. 31 күні келген, бүгін елге қайту керек болатын. Кеше бір экскурсияға шығып, сафари джип дейді ғой, сол көлік басқа көлікпен соқтығысқан кезде машинадан барлығы ұшып шыққан. 15 адам болды дейді көлікте. Соның 4-уі біздің азаматтар. Екеуі көз жұмды. Екеуі қазір ауруханада.
Тайландта қаза тапқан қазақстандықтың ата-анасы оқиға болған елге жетіп, полицейлермен кездесті. Олар арнайы процедура кезінде, табылған азаматтың өз баласы екенін растаған. Еске салайық, 1 қыркүйекте Пхукет аралында қазақстанның азаматы суға батып кетті деген ақпарат шыққан. Құтқарушылар марқұмның денесін екі күннен кейін тапты. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қайтыс болған азамат Тайландта бірнеше ай тұрған және ютубта белсенді блогер болған.