Қарағанды облысында бір отбасының 3 мүшесі сібір жарасын жұқтырды
Қарағанды облысының Топар кентінде сібір жарасының ошағы табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Карантин жарияланып, кентке кіріп-шығуға шектеу қойылды. 3 адамнан індет белгілері анықталды. Тағы бір адамды дәрігерлер тексеріп жатыр. Бір науқастың жағдайы ауыр, - дейді дәрігерлер.
Сібір жарасын жұқтырғандардың барлығы – бір отбасының мүшесі. Олар қазір облыс орталығындағы инфекциялық ауруханада жатыр. Үшеуінде ауру нақты анықталса, енді бірі сараптама нәтижесін күтіп отыр. Барлық науқаста инфекцияның терідегі формасы, - дейді мамандар.
Ержан Жүнісов, облыстық клиникалық аурухананың инфекция орталығының басшысы:
- Науқастардың бірінің жағдайы өте ауыр, өкінішке қарай, оң динамика байқалмайды. Ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары протоколға сай ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы қалыпты.
11 мыңға жуық тұрғыны бар Топар кентінде қазір ауру ошағы қайдан шыққанын анықтау жұмыстары басталды. Ол үшін Республикалық эпизотияға қарсы мамандар да шақыртылыпты.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Қазір Топар кентіне кіретін бір жолда блок-бекет тұрса, екіншісінде осындай бақылау бекеті тұр. Кенттен шығатын барлық көліктер мұқият тексеріліп, онда ет және сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынып отыр.
Бұл – ауру ошағы анықталған үй. Қазір зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үй иесі ауру белгісі бар бұзау арам қатпасын деп сойып алыпты. Етін жегендер өзін жайсыз сезіне бастайды. Қазір әжейден басқасының бәрі облыс орталығындағы ауруханада. Тек үлкен кісінің сынамасы таза болып шыққан.
Азамат Өмірқұл, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы:
- Мал ешқайда жайылмады, тек аулада тұрды дейді. Қазір «источникті» табу үшін жұмыстарды атқарып жатырмыз. Мысалға, ауру малдан жұғуы мүмкін, әртүрлі фактілер болады, шөптен жұғуы мүмкін. Жеген кезде ауызда жара болса, сол арқылы да жұғуы мүмкін малдарға. Жем-шөпті де қараймыз, бәрінен «проба» алынды, қазір референттік орталықта тексеріліп жатыр. Қазір тек еттен растау берді.
Бұдан өзге отбасымен байланыста болған 30 адам анықталып, олармен профилактикалық іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Малдың еті жойылды. Ветеринарлар малды егу жұмыстарын бастап кетті. Төрт түлікті өріске шығаруға тыйым салынды. Қазір жергілікті билік жем-шөп жеткізіп беру мәселесін реттеп жатыр.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.