Ақтауда қандалаға қарсы удан тағы да балалар зардап шекті
Кеше шағын аудан тұрғыны пәтеріне үш құты препарат шашып, көршілеріне ескертпей кетіп қалған.
Кешке қарай жоғарыдағы отбасы мүшелері өздерін жайсыз сезініп, жедел-жәрдем шақыртқан. Сөйтіп, екі ересек және екі балаға амбулаторлық көмек көрсетіліп үйлеріне қайтты. Ал кәмелетке толмаған үшінші жеткіншек ауруханада жатыр. Қыз баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дейді дәрігерлер. Мамандардың айтуынша, препарат базарда сатып алынған. Оны жабық ғимаратта қолдануға болмайды. Осыдан бес күн бұрын осы Ақтауда бір отбасының 2 баласы осындай удан қайтыс болған еді.
Әсима Жарылғасова, қалалық санитариялық бақылау басқармасының басшысы:
- Препаратты тұрғын үйде қолдануға болмайды. Одан ауаға улы газ тарайды. Оны ауылшаруашылығыда ашық ауада ғана пайдаланады. Соның өзінде химияның әсері күшті. Ал есік-терезесі жабық пәтерде адамға қаншалықты зияны екенін ойлай беріңіз. Қанша ескертсек те, кейбіреулер түсінбейді.
Назгүл Қисықбасова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас онкогематолог-дәрігері:
- Екі бала, яғни 8 жастағы және 5 жастағы бала үйіне кетті. Жалпы жағдайлары қанағаттанарлық олардың. Үшіншісі 13 жаста. Оның да қазіргі кездегі жалпы жағдайы тұрақты. Емін алып жатыр. Жағдайына байланысты бүгін немесе ертең үйіне шығарамыз.