ҚТЖ қызметкерлеріне шипажайға жалған жолдама жазылып отырған
Қарағанды облысында Қазақстан темір жолы қызметкерлеріне шипажайға баратын жалған жолдамалар жазылып отырған.
Салдарынан денсаулығын жақсартуы тиіс әр үшінші қызметкер емдік сауықтыру шарасынан қағылып қалды. Мұндай олқылықты көлік прокуратурасының өкілдері анықтады. Ұжымдық келісім-шарт негізінде жұмысшыларға бір реттік өтемақы немесе шипажайға жолдама берілуі тиіс. Бірақ тексеріс кезінде бармақбасты, көзқысты әрекеттерге жол берілгені анықталды. Компания мен шипажай орындары берген есеп бір-біріне сәйкес келмеген. Қазір осы іске қатысы бар бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Самал Сахатова, бас көлік прокуратурасының ресми өкілі:
- Емделуді қажет ететін филиалдың әр үшінші қызметкері санаториде іс жүзінде болмағанын, және тиісті процедураларды алмағанын көрсетті. Жалпы алғанда өңірлік көлік прокуратурасы Қарағанды облысының темір жол саласы қызметкерлерінің курорттық ұйым қызметтерін алу туралы жалған есептерін анықтады. Алаяқтық негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оны жүргізу көлік полициясына тапсырылды.