Атырауда ауруханаға 6 млн теңгеге алынған ет жоқ болып шықты
Атыраудағы облыстық психикалық денсаулық орталығында 6 млн теңгеге алынған ет жоқ болып шықты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен бірлесе мониторинг жүргізген еріктілер қоймада өнімнің жоқ екенін анықтады. Бұған қоса асханадағы жөндеу жұмыстарына қарамастан сол жерде науқастарға тамақ әзірлеген. Осыған қатысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасындағылар айыппұл салған. Бірақ орталық басшылығы ескертуді елемеген. Антикор өкілдері тексеріс қорытындысы бойынша жауапты басқармаға ұсыныс жолдады. Алдағы уақытта орталықты бақылауға алып, басқа да медициналық мекемелердің асханасына тексеріс жүргізілмек.
Жанат Есмағанбетова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтёрлер тобының мүшесі:
- Мемлекеттік мекемелердегі асханада етсіз тамақ дайындалмайтыны анық. Бірақ ол орталықтағы асхана мәзірінде ет тұрса да, қоймада да мұздатқышта да мүлдем болмады. Жауаптылар оған тіпті еш түсінік бере алмады. Біз өз тарапымыздан бұл олқылықтың жойылуына атсалысу үшін облыстағы денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс хат жолдадық. Жалпы үш мекеменің асханасын тексердік, алдағы уақытта бұл мониторингті жалғастырамыз.