Таразда марқұм болғандардың баспанасын иеленіп алғандар ұсталды
Таразда бақилық болғандардың баспанасын заңсыз иеленген 7 адам ұсталды.
Алаяқтар алдымен иесі қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен үйлерді анықтаған. Сөйтіп, мүлікті алу үшін мұрагер ретінде жалған құжат жасап, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттерге барған. Одан соң қолдан жасаған құжаттарды сотқа ұсынып, үйлерді өздеріне рәсімдеген. Осылайша екі жылда 300 миллион теңге болатын 20 баспананы иемденіп, кейбірін сатып үлгірген. Құқық бұзушылықты прокурорлар анықтады. Қазір жергілікті билік қылмыскерлерден алынған жылжымайтын мүліктерді әкімдік балансына алу жұмыстарымен айналысып жатыр.
Ердос Мақашев, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы:
- Бұл фактілер бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр 1 қылмыстық іс бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Биыл 2 адам 2 және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Қалған 15 факті бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.