Павлодар облысында 8 айлық сәби аштықтан көз жұмды
Павлодар облысынан тағы бір жайсыз хабар жетті.
Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінде 8 айлық нәресте аштықтан көз жұмған. Бұл туралы бірінші болып, белгілі іздестіру жасағының волонтерлері жариялады. Ұйым мүшелері осы шаңырақтағы қалған балаларға қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қаққан.
Суыт хабардан кейін облыс әкімі Екібастұзға шұғыл аттанды. Әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшыларының басын қосып, жиын өткізді. Балаларды қорғаудың кешенді жоспарын әзірлеп, тұрмысы нашар отбасыларды бақылауға алуды тапсырды. Ал денсаулық сақтау басқармасы баланың өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанын баяндады.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Кемшіліктерді жіберген лауазымды тұлғаларға сөгіс жарияланады. Оның ішінде бірқатар облыстық басқарма басшысы, одан басқа, менің орынбасарым әлеуметтік салаға жауапты, қала әкімі, қала әкімінің орынбасары осы әлеуметтік салаға жауапты, ауыл әкімі, одан басқа, білім бөлімі. Әлеуметтік қорғау бөлімі. Облыстық әлеуметтік қорғау басқармасы. Білім басқармасы. Сондықтан бұл жерге дайын шешіммен ешкім жиналысқа келген жоқ, лауазымды тұлғаларды тәртіпке шақыру бойынша шешімдерді біз толықтай қабылдап, жариялайтын боламыз.
Айгүл Мұқышева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жедел жәрдем қызметінің ақпараты бойынша, қараша айының 17-сінде шақырту келіп түседі. Дәрігерлер тексерген кезде баланың денесі суып, тыныс алуы тоқтап, көгеріп кеткен екен. Мамандар оның қайтыс болғанын айтқан. Бала анасымен 4,5 айға дейін Павлодарда тұрды және №3-ші емханада невропатолог, хирургтың тексеруінен өтіп, дені сау деген диагноз қойылған.