Алматыдағы өрт. Қаза болғандардың кім екені анықталды
Хостелдегі өрт салдарынан қаза тапқандардың жеке басы анықталды.
Бұл туралы Алматы қалалық полиция Департаменті хабарлады.
Қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдік – екеуі Ресей азаматы, екеуі Өзбекстан азаматы. Қалған 9 адам – Қазақстан азаматы.
Алматыда өрт шыққан хостел бір жарым ай бұрын ғана ашылған. Ол банктердің біріне тиесілі болған.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлауынша, банк оны кепіл-мүлік ретінде жалға берген екен.
Өрт таң ата болғандықтан, тұрғындар шырт ұйқыда жатқан. Абырой болғанда, дабыл қоңырауы іске қосылып, тұрып жатқандар жан ұшырып сыртқа ұмтылған. Өкінішке қарай, хостелдің жертөлесінде орналасқандар сыртқа шығып үлгермеген.
Ахмед Файз Ахмед әл-Гобаи, студент (Йемен):
- Дабылдан ояндық. Төлқұжаттарымыз бен сырт киімдерімізді алып үлгердік. Мен бірінші қабатта жататынмын. Жертөледе не болғанын білмеймін, өрт неден шыққанынан да хабарсызбын. Аман қалғанымызға қуандық.
Арсен Асылбеков, куәгер:
- Екіде ұйықтап қалдым, ояндым, мені оятып жіберді, астыға құладым. Түтін от, шығу қиын болды, біз енді ғана жанып жатқан кезде шыққан өзінде бізге қиын болды. Ұйықтап жатқан адамдарда мүмкіндік болмады.
Жалпы хостелде 72 адам тұрып жатқан. Тілсіз жаудан 13 адам қаза тауып, оқиға орнынан 59 адам эвакуацияланған. Төртеуі ауруханаға жеткізілді.
Айта кету керек, хостел нақты жатақхана ретінде жұмыс істемеген. Әрі, жертөлесінің мақсатты қолдануын өзгерткен. Адам тұрғызуы заңсыз, - дейді мамандар.
Нұрлан Атығаев, Алматы қаласы ТЖД басшысы:
- Подвал астына түскенде біздің өрт сөндірушілер подвалда 13 адамның мерт болғанын анықтады. Өрттің себебі анықталуда. Мына Алматы хостел 1,5 ай бұрын жұмыс істеп жатқанын жаңа ғана анықтап отырмыз. Администратордың айтуы бойынша. Подвалдың өзі шаруашылық заттарын сақтауға ғана арналған.
Хостелде тұрып жатқандардың біразы білім алып жатқан студенттер, араларында жұмыс істейтін азаматтар да бар. Олар Қазақстан, Ресей, Йемен, Ауғанстан, Тәжікстан заматтары, - дейді қала әкімдігінің өкілдері.
Айдар Жәкібаев, Алмалы ауданының әкімі:
- Өрт болған жерден 56 адамды эвакуация жасадық. Оның ішінде 45 адамды алғашында жақын маңдағы мектептің спортзалына жайғастырдық. Ыстық тамақ және қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Содан соң эвакуацияланған адамдарды жақын маңдағы екі хостелге орналастырдық.
Қазір тілсіз жаудың себептерін анықтау бойынша арнайы комиссия құрылды. Оқиға орнына Алматы әкімі Ерболат Досаев келіп, қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Әбен Нарымбаев, «Хабар-24» Алматы.