Алаяқтар whatsapp-қа қосылды
Алаяқтар арам ойын whatsapp желісі арқылы іске асыруға көшті.
Яғни сіздің танысыңыз қарыз сұрап хат жазады. Және ақшаны банктың картасына аударуыңызды өтінеді. Алайда танысыңыз сізден қарыз алғанынан бейхабар болмақ. Бұл оның аккаунтын пайдаланып отырған алаяқтардың іс-әрекеті.
Осы уақытқа дейін Алматыда 10, Астанада 30-дан астам оқиға тіркелді.
Астаналық Егор Александр Журавлевті жақсы таниды. Телефон арқылы жиі сөйлесіп тұрады. Өзіне тапсырылған шаруа бойынша есеп береді, ақыл-кеңес сұрайды. Осыдан үш күн бұрын да солай еді. Бірақ сөз соңында Александр қарызға ақша сұраған. Егор қызмет бабымен ғана араласып жүрген адамның өтінішіне таңданса да, қолында бар 150 мың теңгені көрсетілген картаға аударған.
Егор Серёгин, жәбірленуші:
-Ешқандай күмәнім болған жоқ. Егер бұзып алуға болатын әлеуметтік желі арқылы сұраса, ойланар едім. Ал whatsapp аутентификция жасалады, қауіпсіздігі жоғары деңгейде деп айтылатын әлемдік деңгейдегі желі ғой. Алайда ақшаны аударып жіберіп, арада бес минут өткен соң, Александрға хабарластым. Сөйтсем ол whatsapp-ты аша алмай отыр екен.
Алаяқ 40 минут ішінде Александрдың атынан ондаған адамнан қарыз сұрап үлгерген. Және ақшаны Қазақстанда аса танымал емес банктың картасына аударуды өтінген. Ал Александр өзінің елден қарыз сұрап жүргенін анасынан естіген.
Александр Журавлёв, журналист:
-Алдымен телефонға шетелдік номерден қоңырау шалды. Онда Израиль деп жазылып тұрды. Көтеріп едім, сіздің кодыңыз 7266 деді де, тұтқаны қоя салды. Осы кезде жанымда анам отырған. Оған да осы смс-хабарлама келіпті. «Сен неге менен ақша сұрап отырсың?», - дейді. Содан бастап whatsapp аша алмай қалдым.
Александр қосымшаны қалпына келтіргенше алаяқтың қармағына үш адам іліккен. Олар 450 мың теңгені көрсетілген картаға аударыпты. Журналист іле-шала полицияға шағым түсірді. Ал тәртіп сақшылары Астанада 34, Алматыда 10 адам whatsapp алаяқтықтың құрбаны болғанын айтады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:
-Ватсап желісі арқылы азаматтарға бірнеше сілтемелер жіберіледі. Ол сілтеме бойынша өткен азаматтың ватсап ресурсына қолдарын жеткізе алады. Содан соң соның телефон кітабындағы барлық азаматтарға мәлімдеме жасап, ақша жіберуін сұрайды. Бұл – интернет алаяқтардың кәсібі.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
-Менің өзіме де жақында бір күмәнді смс-хабарлама келді. Номер +91 кодымен басталады. Әлбетте орыс тілінде жазылған. Мазмұнына үңіліп көрейік. Сәлеметсіз бе? Бұл кісі менен қонақ үй туралы жарнаманың ютуб платформасындағы танымалдығын арттыруға көмек көрсетуімді сұрапты. Мен лайк белгісін қоюым керек екен. Сол үшін маған 2000 теңге мен 8000 теңгенің аралығында ақы төлейді. Ал енді +91 коды қай елге тиесілі екенін көрейік. Үндістан. Яғни бұл алаяқтардың бүкіл әлем бойынша әрекет ететінін көрсетеді. Сіздің жеке нөмеріңізге күмәнді смс-хабарламаның келуіне тыйым салу мүмкін бе? Маманның пікірін білейік.
Қозыке Сатыбалдиев, ақпараттық қауіпсіздік маманы:
-Оған тыйым салу қазіргі таңда мүмкін емес. Ол әлемдік деңгейде де мүмкін емес. Сіз оған тыйым салатын болсаңыз, кез келген адамның жеке өміріне араласқан секілді болып қаласыз да. Өйткені ол жеке хат алмасып жатқандарын бақылап отыратындай деңгейде тоқтатуымыз керек. Сол себепті бұл жерде тек қана азаматтар өз-өздерін қорғаулары керек және ақпараттық қауіпсіздіктің бастапқы талаптарын сақтаулары керек.
Ақпараттық қауіпсіздіктің бастапқы талаптары өте қарапайым. Белгілі бір сайтта дауыс беруді, онлайн байқауда қолдап жіберуді сұраған сілтемелерге кірмеңіз. Бейтаныс, шетелдік нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап бермеңіз. Сондай-ақ қосымшадағы баптаулар бөлімінде бөгде құрылғылар жалғанып тұрмағанын тексеріп отырыңыз. Ал егер танысыңыз сізден қарыз сұрап, хат жазса, өзіне қоңырау шалып, деректі нақтылап алғаныңыз жөн.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ақылбек Есімсейітов, Артур Горшняков