Атырауда қаржы пирамидасын ұйымдастырған екі адам сотталды
Атыраудың екі тұрғыны қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
"QazHome" тұтыну кооперативінің атын жамылған ұйымның заңсыз әрекетін Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті әшкереледі. Алаяқтар азаматтарға "жылжымайтын мүлік береміз" деген желеумен қаржы пирамидасына ақша салуды ұсынған. Әккілердің зардап шеккендерге келтірген шығын көлемі 50 млн теңгеге жуықтайды.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кооперативтің қызметіне 300-ге жуық салымшы тартылған, оның ішінде тек 35 адам ғана өтініш беріп, бұл өтініштер бойынша келтірілген шығын көлемі 49 млн теңгеден асатыны анықталды. Құрметті азаматтар! Қаражатты инвестициялау кезінде компанияның сенімділігін тексеру қажет. Осы мақсатта "Baiqa, piramida!" телеграм боты жұмыс істейді. Сонымен қатар, ҚМА сайтында қаржылық пирамидалардың тізімі жарияланды. Сақ болыңыз!