Түркістан облысында 10 жасар бала бауырын өлімнен арашалап қалды
Қазығұрттық 10 жасар Нұрали Өскенбай өз бауырын өлімнен аман алып қалды.
Оқиға жуырда Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округі Жылыбұлақ елді мекенінде болған. 2022 жылы туған Нұрмұхаммед Өскенбай үйінің ауласында ойнап жүріп әжетхана ойығына түсіп кеткен. Болған жағдайды дер кезінде байқаған анасы Айзада Сарман 10 жасар ұлы Нұралиді көмекке шақырады. Ол беліне арқан жіп байлап, анасының демеуімен кішкентай бауырын құтқарып, өлімнен арашалап қалған. Батыр баланың ерлігі елеусіз қалған жоқ. Үлгі болар ісі үшін 4-сынып оқушысы Нұрали Құдыретұлына Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Төлешев Асқар Дәулетбайұлы арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Автор: Жандос Жұмабек