Отшашу үшін от басып алмаңыз!

Елімізде «Пиротехника» жедел алдын алу шарасы басталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 60-тан астам заңбұзушылық тіркелген.

Сауда айналымына заңсыз шығарылған 800 пиротехника бұйымы тәркіленді. Полиция қызметкерлері мектептерге барып, оқушыларға жадынама үлестірді.

Мамандар отшашуларды тиісті лицензиясы бар сауда орындарынан алуға кеңес береді. Ол бұйымдарды нысан мен көліктен кемінде 50 метр қашықта қолдану керегін еске салды. Рейд 3 қаңтарға дейін жалғасады.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:

- Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз, рұқсатсыз сатқаны және өткізгені, тасымалдағаны үшін ҚР ӘҚБК бірқатар баптарында жауапкершілік көзделген. Егер тауар мерзімі өтіп кетсе, тауарлық түрі жоғалса, онда ол пиротехникалық бұйымды пайдалануға болмайды. Осы қарапайым қағидаларды орындау өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын және мерекелік көңіл-күйді сақтауға мүмкіндік береді.