Солтүстікте қар құрсауында қалғандар құтқарылды

Солтүстікте қар құрсауында қалғандар құтқарылды

Солтүстік қазақстандық құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған 200-ден астам адамды жылыту бекеттеріне жеткізді.

Олардың қатарында балалар мен шет елдің азаматтары да болған. Күннің күрт бұзылуына байланысты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары алдын ала ескертсе де, оны елемегендер жолға шығып, діттеген жеріне сол күйі жете алмады. 150-ге жуық ауыр жүк көлігі мен 132 жеңіл көлік жолда тұрып қалған. Айта кету қажет, кеше өңірде жаңбыр жауып, арты ақ түтек боранға ұласты. Салдарынан облыста 180-нен астам елді мекенде жарық сөнді. Қазір ауылдардың жартысында жағдай қалпына келді. Дегенмен, 90-ға жуық елді мекеннің тұрғындары бір тәуліктен астам уақыт электр қуатынсыз отыр. Мұнымен қоса әлеуметтік нысандарға да зақым келді.

 

Әсет Шайкин, облыстық ТЖД бөлім бастығының уақытша міндетін атқарушы:

- Кей жерлерде желдің екпіні секундына 32 метрге дейін жетті. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында орналасқан мектеппен балабақшаның шатыры ұшып кетті. Соңғысында балалар эвакуацияланып, үйлеріне жеткізілді. Ең бастысы зардап шеккендер жоқ. Жалпы өткен тәулікте 112 телефонына мың жарымнан астам қоңырау түсті.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов