Оралдағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Осы түнде дәмханада болған жарылыстан зардап шеккендер ауыр халде.

Жансақтау бөліміне жатқызылған 4 азаматтың бәрі де түрлі деңгейде жабық ми жарақатын алып, денесін күйік шалған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы брифингте мәлім етті. Оның ішінде 2 ер адам – Өзбекстан азаматтары, ал 2 қыз бала мен тағы 1 ер адам қала тұрғындары екен.

Ерлан Тоқсанов, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бір адамы тексеріліп, үйіне жіберілді амбулаториялық емге. Тағы бір адам бет және мойын тұсының күюімен травматологиялық бөлімшеге орналастырылды. Қалған төртеуі жансақтау бөлімінде. Жағдайлары өте ауыр. Біреуінде екіжақты пневмоторакс. Оң жақтың иығының орта жеріне сынуы және төртеуінде жабық ми жарақаты. Төртеуінде де өте қатты күйік шалған. Күйіктің аумағы 52%-тен 15%-ке шейін.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, дәмханадағы жарылыс түнгі 2-лерде болған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар тілсіз жауды жарты сағатта ауыздықтапты. Үйінді астынан 2 адамның денесі табылды, 6 адам құтқарылды. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қиранды астында тағы да адамдар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жарылыс табиғи газ қоспасынан болған дегенді айтады. 2 қабатты ғимараттағы дүмпудің күшті болғаны сонша іргедегі 5 қабатты үйдің терезелерін ұшырып түсірген.

Тыныштық Жақыпов, қала тұрғыны:

- Түнгі 2-лер шамасында қатты жарылыс болды. Мен мына жерде ұйықтап жатқам. Шошып кеттім де. Терезе, балкон шағылып түсті мына жаққа қарай, көріп тұрсыз ғой. Целлофанмен жауып қойдым. Ойладым машина жарылған екен деп. Қарасам – кафе. Мына кафе 24 сағат істейді де. Халал кафе. Айтады, газ баллоны жарылды деп естіп жатырмын. Әлі күнге адамдарды іздеп жатыр. 1-2 бала жоқ дейді осында істейтін.