Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі
Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» кенішінде қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасына асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.
Жалпы «Майқайыңалтын» кенішінде мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазір шахтадағы жұмыс тоқтатылған. Кеншілердің көбі ақылы еңбек демалысына шықты. Кәсіпорынның әкімшілік бөлімшесі мен байыту фабрикасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ал еңбек демалысын алмағандарға жалақының 50%-і пайызы төленеді.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардың 4-іне қараған түні «Майқайыңалтын» кеніші шахтасының жанындағы тазарту кеңістігіне құтқарушылар отырған автобус құлаған еді. Тереңдігі 150 метрлік орға құлаған автобуста 4 адам болған. Әзірге олардың тек екеуінің денесі табылды. Автобус пен қалған 2 құтқарушы іздестіріліп жатыр. Аталған жағдайға байланысты тергеу амалдары басталды.
Рашат Өтеуов, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Павлодар облысының полициясы ҚР ҚК 277-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тәжірибелі тергеушілер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.